«Зима 2025»

Доклад для учителей

Доклад для учителей. Можно использовать на классных часах и собраниях для родителей

Олимпиады: ОБЗР 5 - 11 классы

Содержимое разработки


«Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы»


Қызылорда облысы

Шиелі ауданы

Алмалы ауылы

181 жалпы білім беретін қазақ орта мектебі

Математика пәнінің мұғалімі

Алибекова Шара Ермекбаевна



«Адамның адамшылдығы – ақыл,
ғылым, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаздан
болады.»
Абай


Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі , ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Бұрынғы ата-бабаларымыз бұл замандағылардан білімі, мәдениеті төмен болған дейміз. Десек те ұрпақ тәрбиесіне келгенде оларды көреген, тәжірибелі десек қателеспейміз. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт –дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген. Беріде өзіміз куә болғандай, бір ауыл адамдары бір анадан туғандай, ынтымақты, ұйымшыл еді. Бір үйдің қуанышына бәрі қуанып, бір үйдің басына түскен қайғысына бәрі ортақ қайғыратын. Дәмді асын бөліп ішіп, ауыр жұмысы болса жұмыла кірісетін. Бұның бәрі пәк адамдықтың, тәрбиеліліктің жемісі еді. Қазіргідей көптеген әдеби, мәдени оқулықтар толассыз ақпарат көздері болмаса да ұлттық салт-дәстүрімізді ұрпақ санасына сіңіре білген сол уақыттың адамдарын қалай кемеңгер демессің.

Өзімізден бастап жастарды ауызбіршілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, ізгіні, игілікті көп айтып, көп көрсетіп, өзі ісімен үлгі болатын көргені емес ,көкірегіне түйгені көп үлкендеріміз болса қуанарлық жайт. Өнегелі дана жоқ жерде, өнегелі бала жоқ.

Кейінгі кезде басқа ақпарат көздерін былай қойғанда теледидардағы азғындыққа үгіттейтін озық-созық сериалдардың көбеюі де жас ұрпаққа кері әсерін тигізуде. Оны шектемек түгілі бірге отырып көріп, бірге талқылаймыз. Назар аударар болсақ ылғи өтірік айтып тығырықтан шығу, бірін бірі алдау. жеңіл жүріс.Байыптап қарар болсақ дәл осы құбылыс біздің қоғамымызда белең алуда. Бұндай жағдайларға «болуға міндетті» нәрсе сияқты назар да аудармаймыз. Ұстаз ретінде айтар болсам көптеген жастарымыздың әдеби кітап оқуға қызығушылықтары жоқ. Сабақ үстінде айтылған белгілі бір шығармалардан үзіндіні тыңдайды да, әрі қарай жалғастырмайды. Білім мен тәрбие көзі әдеби кітаптарда екенін ескергілері келмейді. Оның есесіне әлеуметтік желілердегі тәрбиелік мәні жоқ нәрселерді қарап уақыттарын өлтіруде. Бұрынғы ата-баба жүріп өткен жолдар ертегіге айналып бара жатқандай. Кешегі өткен ата-бабаларымыз тап қазір қайтып оралар болса, «ұлдарымыз құл, қыздарымыз күң болмасын» деп бастарын бәйгеге тіккен еңбектерінің түкке тұрмағанына налитындай жағдай.Жастар өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің өткені мен келешегін, оның алдында тұрған жоспарларды жақсы білуі қажет. өз елінің басынан кешкен қиындықтарымен танысып қана қоймай, сондай қиындықтан елін, халқын алып шығуға белсене қатысып, өзінің үлесін қосатындай болып тәрбиеленуі керек. Әрбір әулеттегі үлкен адамдар мен балалардың қарым-қатынас әдебін жолға қоймайынша инабаттылыққа, және парасаттылыққа жету мүмкін емес. Үлкендердің балалармен, балалардың үлкендермен арадағы сәлемдесулері, сөйлесулері, ізеттілік әдеттері, қимыл іс-әрекет әдебі, әулеттің қалыптасқан үлгілі әдеттері мен ғұрпы, сыйласымдылығы, бір-бірімен арадағы құрмет, мейірім, өз ата-анасының және үлкендердің тапсырмасын жауапкершілікпен орындауы т. с.с

Ұрпақ тәрбиесі тек ұстаздың ғана емес баршамыздың парызымыз, жалпы қарызым деп түсіну ләзім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Қайсыбір ата-ана өз баласының әлсіздігін мектептен, мұғалімнен көріп жатады, ал мектептегілер керісінше ата-ананы кінәлайды. Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың, қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет. «Бала тәрбиесінің үлкен мектебі –ер мен әйелдің, әке мен шешенің бір-бірімен қарым-қатынасы» деп тамаша педагог-ұстаз Сухомлинский айтқандай, ата-анасы өз баласының тәрбиесі үшін қоғам, ел, халық алдында жауапты. Қазіргі уақытта ел арасында “ақшаң болса, бәрі де болады” деген сөздерді жиі естуге болады. Балардың арасында да осындай ой қалыптасқан. Әрине, ақшаға бәрін де сатып алуға болатын шығар. Бірақ сатып алынған нәрсе ешқашан мәңгілік болмайтындығын үнемі дәлелдер арқылы түсіндіріп отыруымыз керек. Әйтсе де денсаулық пен рухани байлықты, яғни адами қасиеттерді сатып ала алмайсың. Бала тәрбиесі отбасынан , дәлірек айтсақ бесіктен басталады. Оған көптеген ойшылдардың, қазақ ұлыларының, дана сөздері дәлел.

Ж. Баласағұн баланы жастан тәртіпке үйрету керектігін, оны ата-ананың ісі екенін сөз етеді. Мысалы ол: ”Баққан ұлдан сәл тойса назарың, Түбі соның тарттым дей бер азабын. Қатал ұста- бос жүрмесін сандалып, Болса тәртіп- бала өседі сомдалып.”Әрине көпке топырақ шашуға да болмайды, керемет инабатты , білімді ,мәдениетті, зиялы қауым ортасында жас болса да бас болып жүрген жастарымыз қаншама. Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы « Қазіргі заман — өткен заманнның баласы, болашақ заманның атасы» дейді . Әрине, айтылған жайдың бәрі өткен заманды көксеу емес, жас ұрпақ санасының өзге жаман нәрселермен былғанбай, ұлттық тілімізді, дінімізді, ерекше мәдениетімізді, өзге ұлтта жоқ жақсы қасиеттерімізді бойтұмар етіп ұстаса деген пікір.

Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстан болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде” атты еңбегінде: “Ұлттық мәдениетке, ана тілге еркіндік беру, оны тәлім-тәрбие құрылымына айналдыру, тәрбие мәселелесінде ұлттық ізгілік пен өркениетті әлемдік имандылық үрдісінің ортақ мүддесін жаппай сезіну және оны кіріктіре пайдалану арқылы іске асыру керек” — деп атап өткен. Қазақстан Республикасын мызғымас, мәдениетті, біртұтас мемлекет ретінде көру мұратымыз болса , онда өмірге бақытты жасөспірімдерді баулу да басты мақсат болатыны сөзсіз. Қазақ халқының өзіне сай ұлттық құндылықтарын дәріптеу арқылы тәрбиелеу ұлт ұрпағын жаһандану кезеңіне өз ерекшелігімен жетіліп, кемелденіп жетеді деген мүддені алға ұстанғанымыз жөн.Тәуелсіз еліміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Осы орайда егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың, тәрбиелеудің әр түрлі әдіс тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, іздемпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән беруде. «Қазақтың өздік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау менің перзенттік те, президенттік те парызым»,- деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұлттық тәрбиеге мән берді. Біз сол мақсатты іске асыру үшін ұлттық тәрбиенің негіздерін айқындап, тәрбие жұмыстарының ұлттық ерекшеліктерін бала бойына сіңіруге тырысамыз.

Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрлердің тәлім -тәрбиелік білім танымдық ролі зор. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері.Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.

Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.

Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені,озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда,оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз Сондықтан ұлттық мәдениеттің,әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Бала тәрбиесінің алтын бесігі –отбасы. Бұл шағын әлеуметтік топ-бала үшін өмір мектебі.

Ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады.

Сондықтан ата -ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршысы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті . Үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы балабақшадан басталып, белгілі бір бағдарлама негізіне сүйене отырып, мектеп жасына дейінгі балаларға оқыту мен тәрбиелеу мәселесін жоспарлап, отбасына педагогикалық көмек беруді мақсат етті. Ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуын олардың қоғам алдындағы өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады.

Тәрбиедегі басты бағыт делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көмектеседі, солар арқылы ол жалпы азаматтық мәдениетке аяқ басып, өз халқының мәдени игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің тағдыры мен талаптарын обьективті факторлар ретінде ұсынып, сол арқылы ұрпақты өмірге даярлап, оларды жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-аналарының рухани мұрасын игере түсуі керек» деп айтылған.

1 НЕГІЗГІ БӨЛІМ


    1. Тақырыптың мазмұны және өзектілігі


Қазіргі кезеңдегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, тұрмыстағы күйзеліс, ұлтаралық қатынастардың шиеленісе түсуі, адамгершілік құндылықтардың құлдырауы, білімге, адал еңбекке деген ынтасының азаюы, отбасын құруға жауапкершілікпен белсенді қарамауы, зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің бел алуы т.б мәселелері жастар тәрбиесіне жаңаша қарауды талап етіп отыр. Сонымен қатар қазақ халқының әріден келе жатқан мәдениетін және білім, тәлім-тәрбие беру жүйесінің негіздерімен жан-жақты танысу бүгінгі күннің басты бағдары, талабы десекте болады. Қазақ халқының тарихы дәстүрге өтебай. Отбасы үшін ежелден тән қасиеті балажандылық, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, үлкенді құрметтеу, туысқандық кең байланыс, көршілермен және ұлты басқа халықтармен достық, ізгілік қатынастар-осының бәрі қазақ халқының тұрмыс қалпына байланысты болған. Қазақ қыз-келіншектері мен ер-азаматтарының бойында өзге халық өкілдерінің бойынан көрінетін даралық қазақы болмысының жарқырай көрініп, жүрекке жылы әсер еткен. Әсемдік пен әдептілік үйлесімділік тапқан. Мәселен,ата-ана құқықтары қыз беріп, қыз алу, құда түсіп құдалы болу қазақ некелерінің ерекшеліктері қалың мал мәселесі бата бұзу, ажырасу, бала асырау, әмеңгерлік мирас пен мұра ежелгі отбасы дәстүрлерімен соған қатысты қағида ерекшеліктері жайында мағлұматтардан қазақ халқының отбасына ерекше мән бергенін шаңырақ шайқалып босаға босамауына назар салғанын көреміз.

Соңғы кезде қазақ халқының табиғатына тән ана сүтімен сүйекке сіңген ізгі әдет ғұрыптардан тыс қалып бара жатқандаймыз. Өз ұлтының өткені мен болашағына бей-жай қарайтын тәрбиеден тысқары қалған жастар аз емес. Ата-ананы сыйлау үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру әдеп сақтаудан хабарсыз кей жастардың қылығы әркімнің-ақ намысына тиері сөзсіз. Халық өнерін игеру жастарды еңбексүйгіштікке, әсемдікке бағыттап халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, жақсы әдет ғұрыптарын жалғастыруға баулиды. Ұлттық тәжірибеміз отбасынан басталып кейінде жалғасын тауып жатса, қазіргідей қазақ халқының қанында жоқ ата-баба тәрбиесіне жат өзін жарық дүниеге әкелген анасын, әлпештеп өсірген асқар тауы әкесін қарттар үйіне өткізген, нашақорлықпен маскүнемдікке салынғандардың шаңырағы ортаға түспес еді. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш сыныпта атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [1].

      Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Қазіргі жаһандану кезіндегі  Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар. Алатын тұстарымыз қатарына батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін қабылдау сияқтыларды атауымызға болады. Батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы, біздер үшін өте қажет десек те, Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік – жақсылықтың нышаны емес. «Батыстың технологиялық жаңалығына ұмтылу, экономикалық өндіріс¬ті ұйымдастырудағы жетістіктерін игеру – қажеттілік, ал одан керісінше бүгінгі күнде рухани тапшылыққа айналып отырған ізгілік, кісілік, адамгершілік, бауырмалдық, әдептілік, тәрбиелік мазмұн іздеу – бос әурешілік. Өкінішке орай, Батыс өркениеті бұл тұрғыда ешқандай жетістікке жеткен жоқ, қайта тоқырауға ұшырады. Мысалы, дәстүрлі қазақ қоғамы мәдени құндылықтарды ешуақытта тауар деп қабылдамайды, негізгі ұстанымы бойынша қоғамның шаңырағын шайқалтпай ұстап тұруға тиіс тетік, өмірлік ұстын ретінде қарастырады. Ал Батыс өркениетінде бұл тұрғыдағы ұстаным мүлдем басқа, олар мәдени құндылықтарды тауар ретінде қабылдайды, мақсат – сату (сатылу) және пайда табу. Уақыт қанша аз жұмсалса, сонша пайдасы көп» [2]. Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек.
     Әрине, жаһанданудан ешкім де құтыла алмайды. Оған тек бейімделу керек, ал бейімделе алмағандар құриды. Бірақ бейімделу дегенді өзгенікін толық қабылдау деп ұқпау керек. «Бізге дәл қазіргі заманда батыстың желімен домалай жөнелетін қаңбақ ұрпақ керек емес, пайдасын алып, зиянын бойына дарытпай, дауылына міз бақпай қасқайып қарап тұратын тамыры ұлт рухына терең бойлаған мәуелі бәйтерек керек. Сондықтан біздің міндетіміз – рухы биік ұрпақ тәрбиелеу» [3, 5-б.]. Оған қарсы тұру үшін ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу керектігін басып айтуға болады. Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы – адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік “менін” сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін, дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық. Олай болса, осы айтқанымыздың бәрі ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты жүзеге асатынын мойындаймыз [2]. Белгілі қазақ ақыны, қоғам қайраткері М. Шахановтың «Компьютер басты жарты адамдар» поэмасынан қазіргі заманның хал-жағдайын көруімізге болады. Ұлттық рухы, ұлттық ар-намысы, ұлттық сана-сезімі жоқ қазақтарды ақынның «компьютер басты жарты адамдарға» теңеуі бекер емес. Жүрегінде ұлттық сезімі жоқ, «мен – қазақпын» деуге, өзінің ана тілінде сөйлеуге, ата салтын құрметтеуге намыстанатын азаматты нағыз адам немесе Абай айтқандай, «толық адам» деуге бола ма? Оның жансыз компьютерден айырмасы қайсы? Компьютер – ғылым мен техниканың өлшеусіз қуатының арқасында ғана миллиондаған ақпаратты «есінде сақтайтын», мыңдаған операцияларды жаңылыспай жүзеге асыратын «құлтемір». Компьютерде ұлттық, нәсілдік ерекшелік, сезім де, рух та болмайды. Ол – тек адамның басқаруымен жұмыс істейтін техника ғана. Бүгінгі замандастарымыз ұлтын, Отанын, елін, жерін, тарихын, тілін, ділін, дінін, ата салтын мансұқ еткен мәңгүрт ұрпаққа айналып кетпесе деген ақынның жанайқайы, өз ұлтының тағдырына деген жанашырлығының айғағы емес пе? [4]. «Тәрбиесіз берген білім қауіпті», – деген екен әл-Фараби. Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет ететін болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі ұлттық тәрбие беру – ұстаздар қауымының басты парызы.  Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн.
Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз [2]. «Қазақ¬қа, әсіресе бүгінгі жастарға, ұлттық тәрбие беру керек» деген идеяны басшылыққа алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Пірәлиевтің жобасы ойға қонымды.Ел Президентiнiң сөйлеген сөзінде: «...Барлық дүние мектептен басталады. Сондықтан әлемдік стандартқа сай жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп, педагогтардың кәсіби деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет..», – деп, атай келе «Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «...Бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп-жетiлiп кемелденедi. Бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз заманының жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болмақ. Олар бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады...», – делінген. Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды.  Қазіргі кезде ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары элементтерін бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ана тілі, математика, дүниетану, бейнелеу өнері, денешынықтыру сабақтарында кеңінен қолданудың маңызы артып келеді. Мысалы: математика сабағында ақыл-ой қабілетін дамытатын ойындармен, ән-күй сабақтарында түрлі әуендермен, дүниетану сабағында табиғи денелерді қолдануды және хайуанаттар дүниесін елестететін, денешынықтыру сабақтарында ұлттық ойындармен, ал еңбекке баулуда түрлі ою-өрнектермен және т.б. танысады. Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М.Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек», – дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, оқушыларға салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің ата-аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе екені баршамызға аян.
     Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету – басты міндетіміз [5].Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ та, түгесу мүмкін емес. Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
 


1.2.Ұлт тәрбиесінің маңызы

« Алтын кездік қап түбінде жатпайды»-дейді халық даналығы Бұл ой мен сөздің түпкі сырына ден қойсақ, шын асыл қымбат қазына қилы кезең, шытырман уақытта да сыны мен сипатын өзгертпейді. Бала жүрегін жолды сөзбенде, айла тәсілмен де балаға деген жүрек сезімін махабатпен де табуға болады. Жылы-жылы сөйлесең жібімейтін жүрек жоқ тек соған апаратын жолды таба білуіміз керек.

Дәстүрге арқа сүйемегеннің көсегесі көгермейді деген атамыз. Яғни отбасы ауыл-аймақ, көпшілік, қоғам болып тәрбиелеу қазақ халқының өмірінен өзекті орын алған. Салт-санасы , әдет-ғұрпы, ойын-тойы осы мақсатты іске асыруға бейімделе жүргізілген.

Қазақ табиғатында отбасы иелері балаларының алдында өздерінің тіршілік әрекетінде барлық адамгершілік қасиеттерін үлгісін көрсете білген. Оның басты себебі «ұлдың ұяты әкеде,қыздың ұяты шешеде» деп бағалағандықтан. Сондықтан ата-ана балаларын тұрмыс пен салтқа бейімдеп, шешеден көріп тон пішуге, әкеден көріп оқ жонуға баулитын болған. Осылайша ұрпақтың отбасы тәрбиесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Бұрынғы қазақ жастары тәрбиені мектеп пен медреседе оқып білмесе де қызы анадан, ұлы әкеден үлгі -өнеге алған.

Болашақ жастарға тәлім тәрбие беруде Отанымыз отбасы мен мектепке үлкен борыш артады. Отбасы болашақ азаматтың жеке басын аяғынан тұрғызып, егеменді еліміздің болашағын, негізін жасайтын іргетас.Болашақ азаматтың отбасында алған тәрбиесі, мінезі, жақсы мен жаманды ажырата білуі, үлкендерден алған өнегесі уақыт өткен сайын берік қалыпқа түсіп, оның өмірінен үлкен орын алады. Жас ұрпақтың өнегелі тәрбие, білім алуына оны жалғастырушы-мектеп. Мектеп-қоғамдық ұйымдар мен отбасы тәрбиесін ұштастыратын негізгі ұйытқы, орталық.

Әр отбасында түрлі қарым –қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады. Отбасында түрлі қарым-қатынас қалыптары көрініс береді Кейбір отбасында бедел орын алуынан, мынадай ерекшелік қалыптасады , ол біреудің басқаларға басымдылық танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық қасиеттерінің дамуына жағымсыз ықпал етеді.Қазіргі кезде заман ағымына қарай отбасында еркіндік қарым-қатынасқа ұмтылушылық бар,яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым-қатынасты орнатуды көздейді. Отбасында орныққан қарым -қатынас арқылы баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді.ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, айтушы болып табылады.Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына арманына балаған. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», «Босағасын алтыннан соқсаң да перзент сүймей, адамның мейірі қанбас»-деп барлы асыл сөздерін арнаған. Қазақ отбасы ата-ана, әке-шеше, балалар атты үш құрамнан тұрған. Ата-ана мен әке-шешенің қарым-қатынасы жас баланың адамгершілік жағынан толысып жетілуіне үлкен үлес қосады және ізгілікті іске баулиды.

Мектеп-ата-аналарының тәрбие істеріне бағдар-бағыт беріп, оларды жан-жақты тәрбиелеуге жұмылдырады. Балаға негізінен үш ортадан тәрбие жұғады, үш орта бала тәрбиесіне әсер ететін негізгі фактор. Біріншісі-ата-ана, екіншісі-ұстаз, мектеп, үшіншісі-дос құрбысы. Балаға тәрбие беру кілті ата-ананың қолында. Ұлы педагог А С Макаренко:»Баланы жас кезінде, әсіресебес жасқа дейін тәрбиелей білу керек». Оның келешекте қандай адам болуы, ең алдымен бес жасқа дейін дұрыс тәрбие бере алмасаңыз, кейін оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ал қайта тәрбиелеу-өте қиын іс,-дейді де қайта: «Баланы дұрыс тәрбиелесек, қартайғанда өміріміз бақытты болмақ, жаман тәрбиелесек зор қайғыға ұшырап, үлкен бақытсыздыққа тап болғанымыз. Жаман тәрбиеленген бала-басқа адамдар алдында, бүкіл еліміз алдында жасаған үлкен кінәміз» деп атап көрсеткен. Ата-ана баланы қалай тәрбиелесе бала соған қарай бейімделеді.рбір ата-ана мұғаліммен тығыз байланыста болғаны жөн, онсыз бала тәрбиесінде жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді толығынан сіңіруге болады. Жасыратыны жоқ кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне салғырт қарап, өз баласының мінезін, баланың ішкі дүниесіне, дүниетанымымен бірге баланы не қызықтыратыны немен шұғылданғысы келетіні туралы біле бермейді, сондықтанда кейбір ата-аналар мұғаліммен кеңесіп, баласының жағдайын жиі біліп тұруымен бірге мектепке жиі келуі керек.

Баланың ақыл-ой, адамгершілік-әдеп тәрбиесімен қоса, жас шамасына лайықты еңбек тәрбиесі, спорт түрлерімен шұғылдануын ата-ана қадағалауы керек Балалардың жан сұлулығымен қатар тән сұлулығына да мән берген жөн Тапсырылған жұмысты дұрыс орындамаса жекіп ұрса берудің орнына, жұмыстың қалай жасалатындығын көрсетіп, үйретумен бірге баланың шамасына, икеміне қарап содан кейін оның дұрыс орындалуын талап ету керек. Мектепте ата-аналар жиналысына бірді-екілі ер адам қатыспаса, одан көп ер адам қатыспайтыны белгілі болсада қынжылтарлық жәйт. Соңғы кезде бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналардың жылдан-жылға азаюы, ата-аналардың өз міндеттерін білмеуі, білсе де мойындамауы жиілеп кеткені соншалық, көптеген ата-аналар баласына қарамайды, жұмысым жоқ деген желеумен сауда жасап, мектептің қайда екенін білмейтін ата-аналар кездесетіні өмірдегі шындық. Даналық сөздермен оза білген қазақ халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген,даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесінен тағзым еткен дана халықтың ұрпағымыз.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген.Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына
кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.




2.ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ

2.1. Ата-аналардың үлгісі негізінде оқушылардың

ата-аналарын құрметтеуі


Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «… Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.Ел қуатты болса, қуаныш та тұрақты болады. Ел Президентінің биылғы халыққа Жолдауында Мәңгілік Ел идеясына басымдылық берілді. Бұл идеяны жүзеге асыруда ұлағатты ұстаздардың атқарар жүгі салмақты екені сөзсіз. Осы жауапкершілікті сезінген сайын бала тәрбиесінің қыр-сырына тереңірек үңіліп, әр істе біліктілік пен парасаттылық таныту – сынып жетекшісінің абыройлы да қасиетті міндеті екенін терең сезінемін.

2.2.Ата-ана, ұстаз, оқушы арасындағы ынтымақ

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміз – біздің басты байлығымыз. Қасиетті де киелі қазақ жерін, қазақ болмысын сақтап қалу – бүгінгі үлкен мәселенің бірі. Жаһандану дәуірінің өзіндік жақсылығы мен қиындығы қатар жүруде. Ұстаздарымыз үлкен сын сағатында тұр. Әрине, қай кезде де бала тәрбиесі оңай мәселе болмаған. Сәл ғана қателік жіберсең, жас өскінді сындырып алуың әбден мүмкін. Еш нәрсені де көзден таса етпей, өзіңе тапсырылған сыныптағы әрбір баламен тиянақты, жан-жақты тәрбие жұмысын жүргізу – сынып жетекшісінен үлкен біліктілікті, тәжірибені, жан-жақтылықты талап етеді. Ұстаз ең бірінші өзі балаға үлгі бола алатындай тұлға болуы керек. Ұстаздың бойындағы ақыл-парасат, терең білім, кәсіби біліктілік, сабырлылық, ұлтжандылық, ізденімпаздылық, өз кәсібіне адалдық, ең бастысы, баланы сүйетін үлкен жүрек иесі болу – бала тәрбиесіндегі ұстаз жетістігінің басты шарттары деп түсінемін.
Ел Президенті ұсынған Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыру барысында ұлттық тәрбиеге баса назар аудару керек. Ұлттық тәрбиенің негіздерін басшылыққа ала отырып, оны мектептегі тәрбие жұмыстарына кеңінен қолдану – ұлт болмысын сақтап қалудың негізгі діңгегі болмақ. Бүгінгі балаға ақпарат кеңінен берілуде. Сол беріліп жатқан ақпараттарды дұрыс қабылдап, талдай білуге баланы үйретуде ата-ананың атқарар міндеті зор. Жақсының не екенін, жаманның не екенін білуге үйретуде сынып жетекшісінің де табанды еңбегі керек. Халықтың жаны – ана тілінде. Ұстаздар үшін тәрбие көзі бола алатын тарих та, асыл сөз де, асқақ рух иелері болған, балаға үлгі бола алатын дана да батыр бабаларымыз жетерлік. Тек осы рухани байлығымызды саф алтындай жарқыратып балаға көрсете білсек, бала да оны көре біледі, қызығады және қабылдайды. Ұлттық рухта тәрбиеленген бала – сол ұлттың болашағы бола алады.
ХХІ ғасыр адамы – адами қасиеті қалыптасқан, ұлтжанды, жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, терең білімді, жаңалыққа құмар, бәсекеге қабілетті, салауатты өмір сүре алатын, шығармашыл тұлға болуы керек.Бала тәрбиесі – ұстаз бақыты. Ендеше, бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ үшін сапалы адам тәрбиелеуде аянбай еңбек етейік. Біз Мәңгілік елдің Мәңгілік халқымыз!



ҚОРЫТЫНДЫ


Қорыта айтқанда бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет. Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру-егеменді мемлекетіміздің әр отбасы мен азаматтарының міндеті. Елдің ертеңгі ұрпағы, киелі жердің иесі-жастар тәрбиесі біз бен сіздің басты мақсатымыз. Тәрбиенің көзі-ата бабамыздан қалған дана сөздер десек, біз сол насихаттың жүргізушісіміз. Бұған қоғам алдындағы үлкен міндет ретінде қараған жөн. Халқымыздың аяулы ұлы, зиялы азаматы Б.Момышұлы кезінде «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқам. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке- шеше жоқ.»- деп мұнайған екен. Бауыржан атамыз бүгінде біздің арамызда жоқ. Осы атамыз көтерген мәселе бүгінде бәрімізді алаңдатуы тиіс. Ұлт болашағы — ұрпақ тәрбиесіне тәуелді. Ал тәрбие негізін, ең алдымен әйелдер қалайды. Сондықтан ұлтымыздың келешегі кемел, жолы жарқын болу үшін жастар, оның ішінде қыздардың тәрбиесі дұрыс болуы керек.

Ұлттық тәрбиенің бұзылуына кезіндегі саясат пен шетелдік кинолар, мәтіні түсініксіз әндер мен шетел басылымдары әсер етті. Кеңес дәуірінде әйел теңдігі халыққа дұрыс түсіндірілмеді. Әйел теңдігі дегенді халыққа кезінде ер-азаматтармен бірге көлік жүргізу, мал бағу, ауыр жұмыстарды олармен бірге иық тіресе жүріп атқару деп түсіндірді. Әйел теңдігі деген мүлде олай емес. Әйел теңдігі бұрынғы хан билеген заманда да болған. Мүйізі қарағайдай хандардың өздері кейбір мәселелерді бәйбішелерімен ақылдасып шешкен. Бұған Жәңгір ханның Бәтимасы мен Әбілхайыр ханның Бопай ханымы, батырлар жырындағы Гүлбаршын мен Құртқа қыз бейнелері мысал бола алады. Әйел болса да, олар ақылдылығымен ер-азаматтарын сабырға шақырып, оларды, керек десеңіз, тұтас бір халықты талай қатерден сақтап қалған. Бұл — әйел теңдігі емей, немене? — деген ақын қазіргі жастарда, соның ішінде қыздарда ұлттық тәрбие мен мәдениет және діни білім жетіспейтінін айтты. Ол сондай-ақ тәрбиенің әлсіздігіне байланысты кейбір мектеп жасындағы қыздардың аяғы ауыр болып қалатынын айтып, сондайлардың кесірінен тірі жетімдердің саны көбейіп жатқанын қаперге салды. Ақынның пікірінше, жетім балалардың санын азайту үшін алдымен ата-аналары қыздарын қатаң қадағалауы тиіс, ал жазатайым қыздары аяғын шалыс басып жатса, олардың сәбилерін анасының атына жазу керек. Ол бұған қоса жастардың бойында қазақы тәрбиені қалыптастыру үшін мектептерде ұлттық тәрбиенің негізін оқытатын арнайы пәннің енгізілгені дұрыс.


ПРАКТИКАЛЫҚ ҰСЫНЫСТАР

1.Ұлттық тәрбиенің отбасынан басталатынын айтып, ұлттық құндылықтар мәртебесі әр үйде асқақтап тұруы тиіс.

2.Қоғам түзелуі үшін әйел-анаға ұрпақ тәрбиесімен айналысуға мүмкіндік берілуі тиіс. Мысалы, әйелдерге жұмыстан ертелеу кетуге рұқсат етілсе, бала күтімімен отырған жас аналарға қызметте жүрген әйелдермен бірдей жағдай жасалса деймін. Осылай еткенде ғана әр отбасында балалар көбейіп, елімізде демографиялық мәселе шешілер еді. Қазақы тәрбие дегеніміз – қос етек киіп, қалада киіз үй тігу емес, ол – әр қазақтың өз баласының бойына ұлттық тәрбиені егуі, отаншылдық сезімді қалыптастыруы. Ұрпақты ұлттық тәрбиемен қамтамасыз ету ісі ешқандай қаулымен, бұйрықпен шешілмейді, ұлттық сезім, отаншылдық деген әр қазақтың өз ішінде оянуы тиіс.

3. Қыз тәрбиесіне байланысты арнаулы оқулық шығарылса

4.Мектеп пен отбасының бірлескен жұмыстары, сайыстар, кештер, апталықтар өткізілсе

5.Ұстаз, ата-ана,отбасының әдістемелік жұмыстары жайлы басқа мектеп, аудандармен пікір алмастырып отырса,еңбек пен оқуды ұштастыра отырып, оларды тәрбиелеу жолдары кеңейтілсе.

Конец формы



Пайдаланған әдебиеттер:

1.    
Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен Қазақстан».
2.  
  Қапалбеков Б. Ұлттан тілді алса... – Алматы, 2006. – 138 б.
3.  
  Мырзахан А. Ел болудың жолы – ұлттық тәрбие // «Ана тілі», 20 қазан, 2011.
4.    Оқушы бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда мектеп пен ата-ананың рөлі // http://40.astana-mektep.





3


Получите свидетельство о публикации сразу после загрузки работы



Получите бесплатно свидетельство о публикации сразу после добавления разработки


Серия олимпиад «Зима 2025»



Комплекты учителю



Качественные видеоуроки, тесты и практикумы для вашей удобной работы

Подробнее

Вебинары для учителей



Бесплатное участие и возможность получить свидетельство об участии в вебинаре.


Подробнее